Нарын өңіріндегі алғашқы мектеп

            Тарихтан белгілі 1845 жылы Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Бөкей Ордасында хандық билікті жою үшін патша үкіметі Уақытша кеңес деп аталатын орган құрып, Бөкей Ордасының территориясын 7 әкімшілік құрылымға бөлген. Қазіргі Атырау облысы Исатай ауданының жері негізінен №1 теңіз жағалауы округіне қараған.Осы округтің солтүстік-шығысы Нарын құмының бір бөлігін алып жатыр.        
       Ұлы Қазан социалистік төңкерісіне дейін құм өңірінде ресми мектеп болмаған. Дегенмен қайсібір халі тартқан адамдар өз қаражаттарына жаңаша сауаты бар адамдарды жалдап балаларының сауатын аштыруға тырысқан. Деректерге сүйенсек Мұханбетқалиев Шектібай, Ақсартов Мәри т.б. орысша оқыған адамдар ел арасында дәріс берген. Олардан кейін өңірімізге белгілі айтулы азаматтар, көпшілігі ұстаз болған Нәубетов Хамидолла, Меңдіғалиев Хамидолла, Тауболғанов Қабдолла, Ерғазин Мұхтар, Жанғожин Жұмағали, Мәмеков Қажығали, Түқпашев Қален, Жәңгіров Ғилымғали, Бесалиев Үмбет т.б. орыс тілінде сауатын ашқан. Бұдан басқа түрлі дәрежедегі діни мектептер де болған. Ал біздің қазіргі «Жалпы білім беретін Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектеп» мемлекеттік мекемесі осы өңірдегі ең алғашқы ресми түрде ашылған мектеп болып табылады. Мектебіміздің тарихын баяндауда осы мектептің ең алғаш есігін ашқан шәкірттерінің бірі, кейін саналы ғұмырының қырық жылға жуық уақытын осы және басқа мектептерде ұстаздық қызметке арнаған, «Халық ағарту ісінің үздігі», марқұм Хұсиден Пазылұлының 1987 жылы жазылған, аудандық «Нарын таңы» газетінде 1995 жылы қайта басылған естелігін сәл ықшамдап, бірақ орысша сөздерін қазақшаға аудармастан беруді жөн санадым. 


            «1917- інші Ұлы төңкеріс жылы бұл кезде мен 12 жастамын, ауыл молдасынан хат таныған кезім, ізіне шырақ алып түссе де таптырмайтын білімпаздың біреуі ойда жоқта Бегайдарға келе қалды. Бұл жоғарыда айтқан, осы ауылдан жаңаша сауатын ашып, Гурьевтегі екі кластық орыс-қазақ училищесіне оқуға түсіп, оны бітіріп келген Тұқпашев Қален деген кісі екен. (Атырау өңіріне белгілі қажы Қабылұлы Ахметтің немересі, Тұқпаш хазіреттің баласы. А.Ғ.) Ол ауылдағы балаларды орыс тілінде окытамын деп хабарлап, 10-15 бала отырып оқитындай үй (жер кепе) салу қамына кірісіп, оны ноябрь айына дейін бітірді. Сабақ басталатын күніне осы мектепке келіп алғаш үстаз алдын көрген менімен бірге мүнда Ахметов Шәрен, Жұмағалиев Ғилым, Беркалиев Есжан, Құсынтаев Рахмет, Шақаев Нұғыман, Ғабдіров Елеукен, Хами, Ораз, Ғаббас, Ғабдрашит, Хамза, Ғаллам т.б жиырмаға жуық бала болды. Бұл оқушылардың жас шамалары әр түрлі-10-15 жас арасындағы балалар еді. Бізге екі-үш балаға ортақ етіп букварь, оқу кітабы, арифметика (бәрі де орыс тілінде) жеткіліксіздеу дәптер, қара қарындаш сияқты оқу-жазу құраларын берді. Ел деген қызық қой таза, жинақы, қалалықша киінген Қ.Тұкпашевтың жүріс-тұрысынан шошынғандар одан балаларын жасырып, орыс әліппесін үйретеді деп үріккендер, Ыбырайдың «Кел балалар окылығын» жаттап жүрген бізді де шоқынғандар деп танығандар болмай қалған жок. Ал ұстазымыз болса әр төбенің астында түтін түтеткен ауыл балаларын жинап, көңілін оятып, көзін ашпаққа сондай ынтазар еді. Ол тілдескеннің бәріне оқу керек, тырбыну керек деп қақсап, жұртпен жыртысып жүретін. Алайда ілкі әзірде өзі білмесе де, білгеннің тілін алатын адамдар азаңдау болды. Аукаттылардың есін байлық жиғызбаса, кісі есігінде жүріп жүрек жалғағанына мәз боп, мәңгүрттеніп қалғандар оқу біздің не теңіміз деп лағатын еді. Міне, осындай жағдайда оқуға талаптанып мектепке келген әлгі жиырмаға жуық бала алғашқы жылы бірінші класты (оны ол кезде бірінші бөлім /отделение/ дейді) бітіріп , екінші класқа көштік. Аттың жалы, атанның қомында дегендей, мектептің үнемі бір орында болмауы да қиындык келтіріп жүрді. Жердің суы мен отын көзден ауылдар кайда ығысса мектептің сонда көшкен, отын болмағандықтан қыстың ең суық айларында оқу тоқтап, көктемде-жазда киіз үйде оқыған кез де болды. Сөйтіп үздік- создық жүргізілген оқуымыз екінші класқа (бөлімге) көшкеннен кейін ғана жөнге қойылып, бір жүйеге түсе бастады. Оған мынадай себеп болды. 1918 жылы көктемде ауыл адамдары жиналып, ақылдаса отырып, Бегайдар ауылынан оқуды коғамдык өнімді еңбекпен тығыз байланыстыра жүргізетін бірыңғай еңбек мектебін ашуға рұқсат етуді және оған екі кластық училищені бітірген Тұқпашев Қаленді оқытушы етіп беркітуді сұрап жоғарыға арыз берді. Ол кезе (1917-18-1923жж) кұм өңіріндегі ауылдар Ганюшкин уезіне, Орда облысына қарайтын. Ондағылар жергілікті халықтың бұл өтінішін қабыл алып, сол 1918 жылдың күзінде Бегайдар бірыңғай бастауыш мектебін ашуға шешім алып, рұқсат етті. Бұл осы Нарын құмы өңіріндегі ең алғаш ашылған мектеп болатын. Оған Қ.Тұқпашев оқытушы болып беркітіліп келді. Ол алдыңғы жылы өздігінен оқу бастаған шағын мектеп үйін (екі бөлмелі жер үйді) кеңейтіп, ішіне балалар алдына қойып оқитын, жазатын сәкілер жасатып, оқуды бастады. Енді бұрынғы оқуға келген балалар кәдімгі ресми ашылған, оқу құралдары, бір жүйеге түсірілген программасы бар мектептің оқушылары болды. Оқушылар саны да көбейе түсті. Жақын-жуық, тума-туысқандырының үйіне жатқызып, көршілес ауылдардың адамдары да балаларын оқуға бере бастады, сөйтіп мектептегі бала саны бұл жылы 35- 40-қа дейін барды. 


           Әуелгісінде бастауыш, кейінірек орталау (7 жылдық), орта болып дами берген бұл мектеп әр кезеңде әр түрлі аталды. Мәселен 1939 жылдың тамыз айына дейін Бегайдар орталау мектебі аталып келсе, осы оқу жылынан бастап М.Горький атындағы орталау мектебі деп аталды. 1944 жылғы қыркүйек айында М. Горький атындағы 7 жылдық мектебі, ал 1947 жылдың тамыз айынан бастап М.Горький атындағы орта мектебі аталған. 1948 жылы жазда мектеп Тұщықұдық ауылына көшіріліп, Бабаннан көшірілген Сталин орта мектебімен қосылды. 1957 жылы бірнеше ұсақ ұжымшарлар біріктіріліп, Чапаев атындағы кеңшар құрылғанда құм өңіріндегі ел және аталған мектеп қатқылға, осы ірі шаруашылықтың және ол қарайтын Тұщықұдык аталған ауылдық кеңестің орталығына айналған Чапаев ( ол кезде Аққыстау деп аталды) селосына көшірілді. Осы жердегі Чапаев атындағы жеті жылдық мектебі және ауылдық Кеңеске қарайтын Есіркеп елді мекеніндегі Папанин жеті жылдық мектебі біріктіріліп М.Горький атындағы орта мектебі деп аталды. Мектептің жатақхана меңгерушісі Жұмабай Мырзағалиевтің басшылық етіп, ұйымдастыруымен саман тастан оқу және жатақхана ғимараттары салынды. Осы тұста айта кетсек Жұмабай атамыз бұған дейін де 2 рет, бірінші рет-1936 жылы Бабан ауылдық кеңесінің «Артығалы» елді мекенінде Бабан орталау мектебінің, екінші рет-1950 жылы Тұщықұдық елді мекенінде М.Горький атындағы орта мектептің ғимаратын тұрғызуға басшылық еткен. 1986 жылы мектеп жаңа жобамен салынған үш қатарлы ғимаратқа көшіріліп орналасты. Еліміз тәуелсіздігін алып,барлық жерде орысша атаулар өзгертіліп, ұмыт болған есімдер қайта оралып жатқан уақытта мектебімізге 1992 жылы тамыз айында көпшіліктің сұрауы бойынша Қазақстан Үкіметінің қаулысымен өлкеміздегі халық ағарту ісі саласында өзіндік орны бар, ұлағатты ұстаз, шебер ұйымдастырушы Ж.Мырзағалиев есімі берілді. 

         100 жылға тарта тарихы бар мектептің оқу-тәрбие қызметін, жетістіктерін бір мақалада айту мүмкін емес. Дегенмен, «Басшысы жақсы ел өседі», - демекші, осы мектептің өркендеуіне, ұжымның ынтымағы артып, шығармашылық еңбектерінің өсуіне басшылық еткен мектебіміздің басшылары мыналар: Түқпашев Қален(1917-1920),..., Даулетяров (1939-1940), Шайхымежденов Ғинаят (1941-1942), Пазылов Хұсын (8.І-ІV. 1942), Аюпова Қарашаш (ІV- VІІІ. 1942), Басмиров Тағай (VІІІ. 1942- VІІ.1946), Шарипов Зейнолла (6. VІІ.1946- 1.ІХ. 1948) , Зұлхашев Ідірғали (ІХ.1948-ІХ.1949), Шарипов Зейнолла (ІХ.1949-VІІ.1951), Мырзағалиев Жұмабай (VІІ.1951-1953), Мұнарбаев Сейдуәлі (1953-1955), Сиғуатов Бискен (1955-1957), Қадырғалиев Кәкімжан (1957-1964), Қайырмеденов Төлеген (1964-1968), Ерғалиев Әжігерей (1968-1983), Дәуіталиев Балабай (1983-1984), Мажанов Асылбек (1984-1985), Қалимов Тоқтарбай (1985-1986), Шайхимов Тілеген (1986-1988), Исақұлов Ғабит (1988-1991), Әмірова Дина (1991-1996), Ғұмарова Тілекші (1996-1997), Ахметжанов Ғұбайдолла (1997-1998), Гумарова Тілекші (1998-2000), Әмірова Дина (2000-2011), Исмагулова Табила (2011 жылдан бері). Сонымен қатар осы мектепте еңбек еткен «Халық ағарту ісінің үздіктері» Ш.Шәріпов, Ғ.Әпенов, Х.Пазыловтардың, «Құрмет белгісі» орденінің игерлері М.Ғұбайдуллин, Т.Біләловтердің, «Қаз КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағаының иегерлері Ш.Қабделов, А.Шарапиев, М.Көркембаев, С.Жакупов, В.Малоземова, Ә.Қаражанов, Қ.Бергенова, М.Ғұбайдуллина, Қ.Сарбасова, С.Меңдіғалиевалар мен басқа да жүздеген ұстаздардың мектеп тарихында өзіндік қолтаңбасы бар. 

Ғасырға жуық тарихы бар мектептің түлектерінің саны бірнеше мыңдап саналатыны анық. Дегенмен осы мектепте білім алып кейін халық шаруашылығының түрлі салаларында еңбек етіп, жетістіктерге жеткен еңбек озаттары, ғылым, әдебиет, өнер, спорт салаларындағы жетістіктерімен елімізге танымал болған өнер қайраткерлері немесе осы мектепті алтын, күміс медальдармен бітірген түлектер, ғылыми жобалар жарысы мен пәндік олимпиадалардың республикалық турының жүлдегерлері т.б. себептермен мектебіміздің атын абыройға бөлеп жүрген жүздеген мектеп түлектері туралы деректер берген жөн болар. Олардың арасында «Октябрь Ревлюциясы» орденінің 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденінің және КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, күміс, қола медальдарының иегері, шопан М.Досқалиев, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегерлері- шопандар А.Абдолов, Б.Ыбыраев, Уақит, Хамит Жұмашовтар, механизатор-Ж.Зейінова, кеңшар басшысы-Қ.Сахуалин, жылқышы- Т.Симатов, «Құрмет белгісі» орденінің иегерлері шопандар - Т.Бахитов, Ш.Сыдыхов, ферма меңгерушісі - Ж.Сейтқазиевтар, ақын-жазушы-жорналшылар - Н.Әбуталиев, М.Неталиев, Н.Әжіғалиев, Ә.Қайыров, С.Ибрайымов, М.Әленова, Ж.Дәулетияров, Г.Сұлтанова, Ш. Хұсынов, О.Нағиевтар, ғалымдар - медицина ғылымы докторы- Сатыбалды Хамзин, медицина ғылымы докторлығына кандидат –Жалғас Мерғалиев, экономика ғылымы докторлығына кандидат-Ғибат Мырзағалиев, техника ғылымының докторы – Бердіғали Дәулетқалиев, математика ғылымының докторы – Ғизат Имашов, биология ғылымы докторлығына кандидат – Өтебай Бисеновтер сияқты еңбек озаттары осы қарапайым ауыл мектебінде оқыған Осы жылдары мектепті 7 түлек (Ерғалиева Зоя(1976), Шайхимова Баян(1981), Ахметжанова Ақтолқын(1982), Ерғалиева Лиза(1982), Оспанова Нұрсұлу(1984), Ерғалиева Лима(1984), Мажанова Гүлбану(1988)) алтын медальмен, 5 тұлек (Аубекеров Серік(1986), Сүндетқалиева Айгүл(1987), Тастанова Мүнира(1988), Ерғалиева Жанар (1988), Шайхимова Сандуғаш(1989)) күміс медальмен, 7 түлек Сағынғали Алтынай(1994), Шайхимова Тынышгүл(1994), Сахипова Марта(2001), Мәлікқызы Жазира(2001), Амирғалиева Рысгүл(2002), Жүнісова Ақмарал(2003), Пазылова Құндыз(2003)) «Үздік аттестатпен» мектепті бітірген. 

Әрісін айтпағанда, соңғы 50 жылдың төңірегінде өнер сахнасында жарқырап көрінген қаншама таланттардың, атақ- даңқы ел шеңберінен асып, төрткүл дүниеге мәшһұр болып отырған мектеп түлектері бар екенін біз мақтанышпен айта аламыз. Олар: күйші, әнші, сазгер, мәдениет қайраткерлері - Мұхтаров Көшкінбай, Мұхиденов Өтеп, Жалмышев Сағын, Мұхтаров Қазекеш, Хасенов Сүндет, Қойшиев Ризуан, Мұханов Ғибатолла, Ибатов Қисимолла, Ахмедьяров Қаршыға, Мусағалиев Қуаныш, Шәріпов Төребек, Ідіркенов Өтеміс, Құспанов Жолдас, Нәсіпқалиев Исламғали, (оларға Алла тағаланың рахыман нұры жаусын, бәрі де бақилық дүниеге өткендер) Ибішев Ғатау, Мәдиев Самат, Зұлқашев Чапай, Мұхсина, Бағила Мұхтаровалар, Пангерей, Құттыгерей Дүйсеевтер, Үлкенбаева Айгүл, Маштахова Салтанат, Жаменова (Даулетьярова) Шарипа, Меңкешов Максим, Айсина Талшын, Латифуллина Рая, Қинешов Серік, Ғилажев Байболат, Насиханова Зоя, Зайынова Қамажай, Неталиева Айгерім, Абдуллина Динара, Серікболова Ұлпан тағысын тағылар, бұлардың барлығы нансаңыздар, осы М.Горький (қазіргі Ж.Мырзағалиев) атындағы орта мектептің түлектері. Осындай аты әлемге танылған өнер жұлдыздарын берген, тек білім емес, өнер ордасы болған, мұндай мектеп біздің республикамызда, әй, қайдам, болса некен- саяқ қана болар! 

Бүгінгі таңда мыңға тарта шәкіртті біліммен сусындатып отырған бұл мектеп ауданымыздағы 10 орта мектептің арасында өзіндік орны, дәстүрі мен ерекшелігі бар, іргелі білім ордасы саналады. 
        Тәуелсіздік жылдары уақыт талабынан қалмай білім беру саласындағы жаңалықтарды меңгеруге күш салып келеді. Мектебімізде аудан бойынша алғашқы болып 1994 жылы гимназия сыныптары ашылып жұмыс жасауда. 2002 жылы «Жас талап» оқушылардың ғылыми қоғамы құрылып жас ұрпақты ғылыммен шұғылдануға машықтандыруда.Осы жылдар ішінде қоғамның 5 мүшесі (Б.Өтеғалиева(2005), Б.Құбиев(2005), А.Молдағали(2008), Е.Тілекқабылов(2010), Н.Көбеева(2011)) оқушылардың ғылыми жоба жарыстарының республикалық турына қатысып лауреат атанса, 2 оқушы (Ұ.Ләззатова-1996, Н.Сидеғалиева-1998) пәндік олимпиаданың республикалық кезеңіне қатысты. Жыл өткен сайын білім сапасы, ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі де, грант иегерлерінің саны да артып келеді. Мектеп бірнеше жаңа модификацилық кабинеттермен жабдықталған. Педагогикалык ұжымымыз алдағы уақытта да «Қазакстандық дамудың басты кезеңі - білімді ұрпак колында» ұстанымымен еңбектеніп, негізгі мақсат - мемлекеттік стандартқа сай білім беруді қамтамасыз етумен қатар білім сапасын көтеру, оқушылардың жеке шығармашылық қабілеттерін шыңдау, мұғалімдердің теориялық және әдістемелік шеберлігін арттыру,оқу-тәрбие үдерісіне ақпараттық-коммуникативтік технологияны батыл енгізу, электронды мектеп бағдарламасына қосылу сияқты міндеттерді жүзеге асыруда табысты еңбектене береді. 

Ахметжанов Ғұбайдолла Жақсылықұлы 

Тарих пәнінің мұғалімі, мектеп директорының 

гимназия сыныптары бойынша орынбасары.